Математика және ғылым Ұлттық Колледжінің халықаралық рекрутинг бойынша директоры Вероник Робинсон және «ZHANARTU» қайырымдылық қоры Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қарсы алып, Зияткерлік мектептердегі оқу жүйесінің ерекшеліктерімен таныстырды. Қонақтар мектеп кітапханасында, оранжерея мен оқу кабинеттерінде болып, жоғары сыныптарда оқитын стартаптар мен IT жобалар жарыстарының жеңімпаздарымен сұқбаттасты.
Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Математика және ғылым Ұлттық Колледжі өкілдерінің кездесуі өте нәтижелі өтті. Кездесу барысында өзара ынтымақтастық шараларының басым бағыттары талқыланып, «ZHANARTU» қайырымдылық қорының қатысуымен 15-16 жастағы қазақстандық оқушыларға арналған «NIS – NMSC Foundation» бірлескен бағдарламаны дайындау туралы әңгіме болды.
– Мен Зияткерлік мектепке асқан қызығушылық танытып, жұмыс жүйесін құруда көптеген ойларымыз сәйкес келетінін көріп отырмын. Біздерде ортақ нәрсе көп, біз мектептеріміздің жұмысына оң әсер беретін өзара байланысымызды нығайту мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз және ниеттіміз, – деді Вероник Робинсон.
Математика және ғылым Ұлттық Колледжі – дарынды жастарды әлемнің ең әйгілі де беделді жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын британдық оқу орны.