20 жас шамасында ол 2,5 жыл ішінде ЖОО-ны қызыл дипломмен бітіріп, өзінің цифрлық дизайн студиясын құрды, балаларға арналған робототехника меншікті мектебін ашты, сондай-ақ Шымкент қаласындағы COVID-19 жағдайы бойынша әкімдіктің сайтын әзірлеушілердің бірі болды. Бұл «ZHANARTU» қоры грантының иегері әрі КИМЭП Университетінің «Нұрәлі Әлиев атындағы Бизнестегі ақпараттық жүйелер» (бұдан әрі – BISB) бакалавриат бағдарламасының алғашқы түлегі туралы барлық факті емес. Дінмұхаммет Жолдыбайдың енді немен айналысып жүргенін, әрі қарай оның сұхбатынан оқыңыз.
ZHANARTU: Сізді оқуды сәтті аяқтауыңызбен құттықтаймыз! Сіз BISB бағдарламасының алғашқы түлегі болып табыласыз және КИМЭП-те оқуды бар болғаны 2,5 жыл ішінде аяқтадыңыз. Сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Құттықтауыңыз үшін рақмет! Өзімді тағы да таныстырып өтейін: Менің атым Дінмұхаммет Жолдыбай, мен 20 жасымда КИМЭП Университетін 100% «ZHANARTU» грантымен аяқтадым. Бірінші кезекте, КИМЭП Университеті жүйесінің бірегейлігін атап өткім келеді: студенттердің өздері профессорларды, кестені және оқығысы келетін пәндерді таңдай алады. Енді мен 2,5 жыл ішінде оқуды қалай аяқтағаным туралы айтайын. Бір семестрге орташа есеппен барлығы 12-16 кредит алады (автордың ескертуі – КИМЭП Университетінде кредиттік оқыту жүйесі қолданылады, 1 пән, әдетте, 2 немесе 3 кредитке тең), бірақ мен 20-22 кредитден алдым, сөйтіп пәндерді ертерек жабу арқылы оқу уақытын қысқарттым. Сонымен қатар мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлегімін, сондықтан бірінші курста бірнеше пән автоматты түрде есепке алынды. Сол себепті мен бірден екінші курсқа түскендей болдым. Сонымен бірге жазда мен демалмадым әрі жазғы семестр алып, оқыдым. Осындай жүктемелерге қарамастан, мен өте жоғары GPA: 4,15 / 4,33 көрсеткішпен аяқтағаныма қуаныштымын. Шындығында, мұнда ешқандай да құпия жоқ –сізге тек өз мамандығыңызды, әрине, университеттегі пәндерді де жақсы көруіңіз керек.
ZHANARTU: Сіз үшін ең қызықтысы қай пән болды? Қай оқытушының дәрістері көбірек есіңізде қалды?
– Иә, маған бірнеше оқытушы мен пән өте ұнайтын. Мәселен, Digital Graphics in Business. Онда бізге графикалық дизайндарды, атап айтқанда, логотиптер, визиткалар және т.б. сияқты бизнес элементтері мен атрибуттарын жасауды үйрететін. Мен бала кезімнен цифрлық әлемде сурет салғым келді, сондықтан маған бұл пян өте ұнады. Бұл менің графикалық дизайнер ретіндегі жаңа бастамам болды. Осы бастамадан шабыт алып, бір жыл бұрын мен графикалық дизайн, брендинг, айдентикамен айналысатын «Дали» студиясын құрдым. Мұның бәрі осы пәннің арқасында.
Сондай-ақ, мені өзімнің негізгі пәндерімнен бөлек «Managament accounting» және «Financial accounting» сияқты пәндер қызықтырды. Маған бухгалтерлік есептің қалай жұмыс істейтінін білу өте қызықты әрі пайдалы болды. Қазіргі уақытта мен ThePoint венчурлық қорының негізін қалаушылардың бірімін және көптеген жобалармен жұмыс істеймін. Осы пәндерден алған білімім компанияның ақша қозғалысы туралы ойымды өзгертті және өте пайдалы болды, өйткені дәл қазір мен үшін әртүрлі жобалардың техникалық бөлігін ғана емес, қаржылық бөлігін де түсіну маңызды.
ZHANARTU: BISB бағдарламасында білім алу туралы, жалпы алғанда, КИМЭП алған әсеріңіз туралы айтып беріңізші? Ол жерді сағынасыз ба?
– Жалпы, мен КИМЭП туралы тек оң пікірдемін. Мектептен кейін менде ҚБТУ мен КИМЭП арасында таңдау болды. Менің жағдайымда КИМЭП маған неғұрлым қызықты мүмкіндіктер берді. Мен болашақта стартаптармен айналысқым келетінін білдім. Сәтті болуы, дәл мен оқуға түскен жылы КИМЭП «Information Systems in Business» жаңа мамандығына қабылдау туралы жариялауы болды. Мен өз таңдауыма еш өкінбеймін, өйткені бұл университеттегі оқыту жүйесі мен сапасы әрқашан жоғары деңгейде. Онда топтарға бөліну деген атымен жоқ, бұл әртүрлі адамдармен сөйлесуге қолайлы мүмкіндік береді. Мысалы, бірінші курс студенті болсам да, менің төртінші және басқа курстардан достарым мен таныстарым болды, өйткені бізде бірдей таңдаулы пәндер болды. Өкінішке орай, соңғы оқу жылын барлық студент пандемияға байланысты онлайн режимінде оқуға мәжбүр болды. Бірақ КИМЭП арқасында менің кампуста өткізген бір жарым жыл студенттік өмірім өте мазмұнды болды. Бұл ұмытылмас, қызықты және жарқын болды. Мұның бәрі студенттік ұйымдардың арқасында. Тек солар университеттегі өмірді өздерінің зияткерлік және пайдалы іс-шараларымен қызықты етті. Мен әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы түрлі жобалармен айналысатын «Enactus» студенттік клубының қатысушысы болдым, онда біз бірқатар қызықты жобаларды әзірледік.
ZHANARTU: Сізге озат оқу мен белсенді студенттік өмірді қатар алып жүрудің оңай болғанына сенімдіміз. Сіз IT немесе бизнес саласында тағылымдамадан өтіп немесе жұмыс істеп үлгердіңіз бе?
– Иә, маған оқу өте оңай болды. Менің мектепте математика және компьютерлік ғылым бойынша түрлі жарыстарға қатысуым өзіме жақсы тәжірибе болды. Сондықтан мен техникалық дағдыларымды жақсы дамыта алдым. Осының арқасында мен IT-мен байланысты барлық пәнді «өте жақсы» деген бағамен жаптым. Сол себепті мен өз білімімді іс жүзінде мүмкіндігінше тезірек қолдануға тырысқым келді. 2018 жылы мен жасы бес жастан асатын балаларға арналған робототехника мектебімді аштым, он балабақшамен және екі жеке мектеппен келістім. Бірақ, өкінішке орай, жобаны карантинге байланысты жабуға тура келді. Жобамен бір мезгілде мен университеттегі командаммен бірге бірнеше стартап-жобалармен жұмыс жасадым. Стартаптар экожүйесінде әдеттегідей: кейбіреулері іске асса, ал кейбіреулері іске аспады. Алайда мен өкінбеймін, өйткені мен әртүрлі салада көп тәжірибе жинадым. Оқу барысында мен жұмысты да үйлестіре алдым: мен Халық банкінде жоба менеджері болып жұмыс істедім. Онда мен идеяны құрудан бастап презентацияға дейін және өнімді түпкілікті іске асыруға дейін көптеген жобалармен айналыстым. Айтпақшы, біз жасап шығарған өнімдер әлі де қолданылады. Бұдан басқа, мен өзімді «HomeBank» мобильді қосымшасының тестілеушісі рөлінде сынап көрдім, онда қосымшаның тиімділігін арттыру бойынша жұмыс істедім.
ZHANARTU: Пандемия сізге қалай әсер етті? 2020 жыл көптеген адамдар үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін трансформация кезеңі болды. Барлығы онлайн режиміне көшті. COVID-19-бен күреске өз үлесіңізді қоса алдыңыз ба?
– Иә, карантин кезінде мен туған қалам Шымкент қаласында болдым. Жағдай, әрине, керемет емес. Бірақ бәрі белгілі бір себептерге байланысты болады, менің ойымша, мен дер кезінде қажетті жерде болдым. Қызықтың бәрі пандемия кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің қалыптасқан жағдайды шешудің мүмкін болатын барлық жолын іздеуінен басталды және ол U:projects қоғамдық ұйымын халықты коронавирусқа байланысты жағдай туралы ақпараттандыру бойынша аналитикалық платформа құруға көмектесуге шақырды. Сол кезде осы ұйымның негізін қалаушы Тоқтар Әлімбеков мені тауып алып, шағын команда жиналдық. Біз COVID-19 туралы барлық деректі бақылауға көмектесетін ақпараттық жүйені әзірледік, ол жерде сіз ауруханада жатқан адамдардың санын, жаңа пациенттерге жергілікті ауруханалардағы бос орындардың санын және т.б. біле аласыз. Сайт covid19shymkent.kz2 деп аталады. Бұл жобаны әзірлеуге бар болғаны
2 күн кетті, сайт сәтті іске қосылды. Бұл платформа әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Осылайша, мен де Қазақстанның COVID-19 күресіне өз үлесімді қоса алдым.
ZHANARTU: Ал енді немен айналысуды жоспарлап отырсыз?
– COVID-19 жобасын сәтті іске асырғаннан кейін мен U:projects ұйымына қосылдым және осы қоғамдық бірлестіктің президентімен біз ThePoint венчурлық қорын құрдық. Қор бизнес-инкубация мен акселерациялық бағдарламаны қамтиды, яғни біз өз өңірімізде стартаптармен айналысамыз. 2020 жылғы қарашада біз ThePoint және U:projects-тегі өз командамызбен U:hack инновациялық идеяларының ауқымды онлайн-фестивалін өткіздік, онда 1500-ден астам қатысушы мен 500-ден астам жоба болды, жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады. Фестиваль аясында біз топ-20 жобаны іріктеп алдық, қазір олар ThePoint-те инкубациялық бағдарламадан өтуде. Дәлірек айтсақ, мен қазір IT-консалтингімен айналысамын, кәсіпкерлерге консультация беремін және IT-міндеттерде бизнес-шешімдерді табуға көмектесемін. Мен атап өткен «Дали» цифрлық студиясы да жұмыс істеп тұрған бизнес және цифрлық дизайн саласындағы әуестенетін істерімнің бірі болып табылады.
ZHANARTU: Сөз соңында, сіздің болашақ BISB студентіне кеңесіңіз
– Қазір университетте оқып жүргендерге айтар басты кеңесім – уақытты тиімді жоспарлау, оқу кезінде барынша білім алу, түрлі жобалармен айналысу, профессорлармен достасу және олардың қосымша сағаттарына қатысу. Оған қоса мен барлығына студенттік ұйымдарға қосылуға кеңес беремін, өйткені сіз болашақта жақсы жұмыс табуға көмектесетін мол тәжірибе аласыз. Барлығыңызға оқуды сәтті аяқтап, өз арманыңыздағы жұмысты табуды тілеймін!
Дінмұхамметке зор денсаулық, барлық бастамасына табыс және жаңа жетістіктер тілейміз!