Американың кремний алқабынан басталатын халықаралық Technovation жобасы бар. Жоба өз аймағындағы əлеуметтік проблеманы мобильді қосымша жасау арқылы шешкен 10-15 пен 15-18 жас аралығындағы қыздардың жұмысына қаржы бөледі. Диана Цой есімді қазақстандық қыз Американың Technovation жобасының таныстырылымында отырып, бұл жоба таралған елдерді картадан көреді. Өкінішке қарай, ішінде Қазақстан болмай шығады. 2015 жылы оқуын аяқтай сала елге оралып, Technovation жобасын жүзеге асырады. Бір жылдың ішінде Қазақстаннан он команда дайындап шығады. Оның біреуі финалға өтіп, Америкаға аттанады. Үш оқушыдан тұратын команда жетекшілерінің бірі Дина Мұқашева еді. Америкадан келе сала Technovation жобасының Қазақстандағы елшісі болуға өтініш жасайды. Мұның барлығын волонтерлық іс ретінде, ақысыз істеп келе жатқандарына биыл үшінші жыл. Ал бұрынғы он команда биыл 110 командаға айналған.
Дина Мұқашева – IT саласының маманы. Əдетте компьютер ғылымын айтқанда тек ер балалар туралы əңгімелейміз. Дина болса Алматы энергетика жəне байланыс университетін бітіріп, Англиядағы Ноттингем университетінің магистратурасын техникалық мамандық бойынша аяқтаған. Диана Цойдың тобына қалай қосылғаны туралы былай əңгімелейді:
– Осыдан он жыл бұрын мұнай, транспорт немесе банк компаниялары өте танымал болатын. Ал қазір IT компаниялары үздік ондыққа кіреді. Олар үлкен сұранысқа ие. Төрт-бес жыл бұрын əріптесім балаларға арналған компьютерлік бағдарламалау мектебін ашайық деп ұсыныс айтты. Маған білгеніммен бөліскен қашанда ұнайтын. Оның идеясын жапатармағай қолдап кеттік те, бесеу болып «Love to Code» атты мектеп аштық. Онда əлі жұмыс істеп келеміз. Анимациялық ойын құрастыруға болатын балаларға арналған Scratch деген бағдарлама бар. Балалардың фантазиямен аниматорлық ойындарды құрастырғаннан кейінгі бақытты жүзі бізді қанаттандырып жіберетін. Америка елшілігінің түрлі гранттары бар. Соның бірін жеңіп алып, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Астана, Қостанай мен Өскеменге барып компьютерлік бағдарламалаудан шеберлік сабақтарын өткіздік. Бұл жиырма күнде үзіліссіз өткен сапар болды. Кішкентай балаларға Scratch бағдарламасын, ал 15-18 жастағы жасөспірімдерге Python бағдарламасын үйреттік. Америкада Python бағдарламасын білетіндер жылына 70 мыңнан 100 мың долларға дейін ақша табады. Аймақтарда білімге құштар, айтқаныңды қағып алатын дарынды балалар өте көп. Олар бар болғаны мүмкіндікті қалай пайдалануды білмейді немесе үйрететін маман аз.
Бұл сапардан соң аймақтағы балалар үшін бірнəрсе істеу керек деп шештім.
TECHNOVATION CHALLENGE – тек қыздарға арналған жоба
STEM (Ғылым, Технология, Инженерия жəне Математика) атты құрамында бірнеше бағдарлама кіретін халықаралық сала бар. Өз елінде қоғамды өзгертуге жұмыс істеп жатқан əйелдер осы бағдарламаға өтініш білдіре алады. Өткендері Сан-Францисконың кремний алқабында бес апта ең мықты IT компанияларында тəжірибеден өтеді. Ол үшін
компьютер ғылымын оқу немесе осы салада жұмыс істеу міндетті емес. 2015 жылы Диана Цой есімді қыз STEM-нің ішіндегі Techwomen бағдарламасының грантын жеңіп алып, кəсіби тағылымдамадан өтуге аттанады. Technovation challenge жобасы туралы лекцияда жоба таралған елдерді картадан көрсетеді. Қараса, ішінде Қазақстан жоқ. Сонда «неге біз жоқпыз?» деген сауал көкірегінде қалып қояды. Елге орала салысымен жобаны қолға алып, команда жинай бастаған. Technovation challenge жобасы 10-18 жастағы қыздарға арналған. Қазір əлемде IT вакансиялар өте көп. Бірақ IT мамандар тапшы. Өйткені біздің түсінігімізде көбіне ер балалар ғана бұл саланың маманы бола алады. Мұның барлығы стереотип қана. Technovation challenge осы себептерден туған идея. Жоба міндеті бойынша қыздар өз аймағынан білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, бейбітшілік сынды əлеуметтік проблеманы анықтауы қажет. Оны шешу үшін мобильді қосымша жасап шығаруы тиіс. Бірақ ол бірнеше кезеңнен тұратын 5-6 айлық жұмыс. Ең алдымен тапқан проблемасы шынында да қоғамдық сипат алып отырғанын анықтауы керек. Ол үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізеді. Ары қарай ол проблеманың шешілуіне қанша адам мұқтаж деген сауалға жауап іздейді. Ол үшін нарықты зерттеп, тұтынушылармен сөйлеседі. Яғни олар кəсіпкер жолын жүріп өтеді. Тек соңында барып мобильді қосымша ойлап тауып, оны адамдарға ұсынып көреді. 10-15 жастағы қыздар кіші топтарға (Junior), 15-18 жастағы қыздар үлкен топтарға (Senior) бөлінеді. Əр командада 3-5 қыз болады жəне оларға 1-3 жетекші бекітіледі. Қыздар команда құрамын өзі жинайды немесе біз құрып береміз. Команда мүшелері мен жетекшісі бір аймақтан болғаны дұрыс. Біреуі Шымкенттен, екіншісі Астанадан болып жұмыс істеу өте қиын. Олар апта сайын кездесіп, жобасын дамытып отыруы керек. Команда құрамында компьютер маманы саласына бейім бір қыз болса жеткілікті. Қалғаны маркетолог, сату менеджері, бизнес-жоспар құрушы болып кете берді. Жетекші жігіт те, ұстаз да, жас қыз да бола алады. Ол команданың кезеңдерді толықтай жүріп өтуін қадағалайды, кез келген уақытта ақыл-кеңесін беріп, сол топтың ұйытқысы бола білуі қажет. Басында Диана достарына өтініш айтып, оларды жетекші етіп қояды. Қыздар қосымшаның дизайнын салып, бағдарламалау тілін білетіні нағыз бағдарламамен, ал білмейтіні MIT App Inventor үйретуші бағдарламасын пайдаланады. Ол Scratch сияқты. Бірақ анағұрлым күрделі. Соңында ол қосымшаны нарыққа қалай əкелетіні жөнінде бизнес-жоспар құрып, əділқазылар алдында төрт минут қорғап шығады.
80 мемлекеттен іріктелген команданың бірі – Қазақстан
Жыл сайын қараша-желтоқсан айларында жобаға тіркелу басталады. Инстаграмда Technovation.kz, Фейсбукте Technovationkz деп іздеп бізді тауып алса болады. Қаңтардан ақпанға дейін жоба басталады. Наурыз айында онлайн шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сәуір айының соңында әлем бойынша барлық қатысушы командалар мобильді қосымшаларын сайысқа онлайн тіркейді. 1-20 мамыр аралығында аймақтық, яғни тек Қазақстан бойынша жоба қорғау басталады. Әділқазылар осы саланың мамандарынан құралады және бұл жұмысы үшін ақы алмайды. Қатысушылар Астана, Алматы сынды үлкен қалаларға келіп, қосымшаларымен таныстырады. Диана Қазақстанда Technovation challenge жобасын бастаған 2016 жылы бар болғаны 10 команда қатысқан. Олардың біреуі жартылай финалға – әлемдік қазылар алқасының онлайн-бағалауына өтеді. Қазылар алқасы құрамы да кездейсоқ анықталады. Мәселен, бізді африкалықтар бағалауы мүмкін, ал біздің әділқазылар Үндістанның командасын бағалайды. Одан өткендері финалға жолдама алып, Сан-Францискоға барады. Америкаға аттанған команданың үш жетекшісі болды. Соның бірі мен едім. Олар барлық қатысушыны қаржымен толықтай қамтамасыз етеді. Ал жетекшінің біреуі ғана бара алады екен. Біздің «Активный алматинец» командасы .comPote қосымшасын алып барды. Алматыда бір келеңсіз жағдай болса, адамдар оны әлеуметтік желіге әкімдікті белгіліп жүктейді. Әкімдік барып барлығын қалпына келтіреді. Алайда онда жүйе жоқ. Әкімдік сайтына жіберген сауалдың қалай шешіліп жатқанынан да бақылай алмайсың. Қосымшаны былай пайдаланады: мысалы, бұзылған ғимаратты түсіріп алып .comPote қосымшасы арқылы әкімдікке жібереді. Олар қосымшадан көріп-ақ проблеманы шеше алады. Қосымша әкімдік пен алматылықтар арасындағы көпір іспеттес. Финалда сексен мемлекеттен іріктеліп келген алты команда болды. Соның бірі өзіміз екеніне таң қалдық әрі қатты қуандық. Америкаға барғанда Google, Facebook секілді алпауыт компанияларға апарып, жұмыстарымен таныстырды. Біздің елде командалар арасындағы тартыс бәрібір білініп тұрады. Ал онда керісінше, әр елден келгеніне қарамастан бірін-бірі қолдап жүреді. Орын алмасақ та бойымызға жігер жинап, шабыттанып қайттық. Елге келе салысымен Дианаға «сенімен бірге аймақтық елші болғым келеді» дедім. Ол «ура!» деп мені құшақтай алды. Мұндай жобаны ұйымдастыру, өткізу өте қиын. Бізге Techwoman грантымен 2016 жылы оқып келген Гүлшынар Салпықова есімді қыз қосылды. Үшеуміз мектептерге барып, жобаны таныстырып, түсіндіріп шықтық. 2017-2018 жылдары бізді Нұрәлі және Аида Әлиевалар атындағы қор қаржылай қолдады. Назарбаев мектебі мен Зерде көп көмектесті. Сөйтіп біз 80 команда жинай алдық. Мұның барлығын волонтерлық мақсатта, тегіннен-тегін істейміз. Америкамен тегін істейтініміз жөніндегі меморандумға қол қойғанбыз. Бар болғаны біреуге білгенімізді үйреткіміз келеді, білім саласында бірнәрсені өзгерткіміз келеді. Жобадан бөлек әрқайсымыздың жұмысымыз бар. Күні бойы жұмыста боламыз да, кешке арай Техновэйшнге кірісеміз. Сексеннен 45 команда соңына дейін барып, жұмыстарын онлайн жіберді. Алматы мен Астанада ғана шебірлік сабақтарын бетпе-бет өткізе алдық. Ал қалған уақытта үйретуші сілтемелер жібердік, келген сұрақтарға жауап бердік. Қор бізге қаржы бөлгендіктен демо-көрме ұйымдастырдық. Онда әр команда екі сағаттай тұрып келушілерге жобасын интерактив түрінде түсіндіріп бере алады. Өз жұмыстарын қорғауға он жастағы қыздар шығып, қосымшасы арқылы қалай бизнес жасайтынын, оның қоғамға қандай пайдасы барын тақылдап айтып жатқаны сондай қызықты.
Америка Қазақстанға таңғалды
Солайша былтыр төрт команданы жартылай финалға өткіздік. Екі жылдың ішінде тез өсіп кеттік, белсенділігіміз артты. Финалға әлем бойынша тек алты команда өтті. Сенесіз бе, оның екеуі Қазақстаннан еді. Оны көрген Америка бізге таңғалды. Төрттіктің құрамында америкалық команда болған жоқ. Ол еңбегіміз үшін биыл Қазақстан финалға өтсе де, өтпесе де, аймақтық елшіні Америкаға шақырды. Екі команда «GoWaCo» қоқыс жинайтын қосымшасын жасап шығарған еді, ал «/flash» командасы SOS-button қосымшасын жасап, Америкада бас жүлдені алып келді. SOS-button құрылғы мен қосымшадан тұрады. Адам келеңсіз жағдайға тап болғанда құрылғыдағы арнайы батырманы басады. Қосымшаны жүктеп алғанда ең жақын адамдарымен байланыстырып қою қажет. Сонда оларға тұрған жері туралы мәлімет шығып тұрады. Дәл осы қосымшаны жасаған командаға 15 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы берілді. Ал «GoWaCo» 10 мың АҚШ долларын иеленді. SOS-button мен Qamcare екеуі бір команда. Тек олар Qamcare атауымен көбірек танылды. SOS-button командасының қыздары Google компаниясының директоры Сундар Пичаимен кездесті. Олар жасаған селфи ағылшын, орыстілді сайттарды шарлап кетті. Олар жайында BBC мен Teen Vogue сынды ең танымал телеарналар мен басылымдар жазды. Бұл оқиғадан соң біздің елдегі танымалдығымыз артты. Биыл 110 команда қатысуға өтініш білдіріп, соңына дейін 75 команда жетті. Аймақтық елшілердің саны да өсті. Алматыда «Активный алматинецтің» бірге жетекшісі болған Динара, Techwoman-2017 жеңімпазы Балғын есімді қыздар қосылды. Астанада Гүлшынар, Назерке, Динара есімді әріптестеріміз бар. Жақында ғана Қазақстандағы байқауды аяқтап, жартылай финалға 10 команда өтті. Оның ішінде екі Junior команда бар. Аймақтық байқауды өткізуде негізгі серіктесіміз Zhanartu қайырымдылық қоры болды.
TECHNOVATION балаларға не береді?
Алғашқы орын алған командаларға бағалы сыйлықтар беріледі. Қазір серіктес іздеп жатырмыз. Біраз компаниялар қаржылай қолдай бастады. Бір компания жеңімпаз Junior команда мүшелерін Лондондағы жазғы лагерьге жіберіп, ал Senior жеңімпаз команданың əр мүшесіне Қазақстанда оқу үшін 500 мың теңге сыйақы бөлді. Ағылшын тілін, компьютер ғылымын оқытатын курстар балаларға жеңілдік сертификаттарын сыйға тартты. Ең бастысы, біздің қыздар Technovation жобасынан соң үлкен істерге бет бұрады. Бір қыз екі аптаның ішінде өз қатарластарына арнап конференция ұйымдастырыпты. Кей қыздар Инстаграмда бизнеспен айналысып жатыр. Бұрын əділқазы құрамында болған адамдар шараларда біздің қыздарды көріп қалады екен. Олар «Technovation қыздарын ылғи өте жақсы презентация жасайды, көпшілік алдында өздерін сенімді ұстайды» деп мақтап келеді. «Активный алматинец» командасы қосымшаны пайдалануға енгізе алмады. Өйткені ол кезде бітіруші түлек еді де, қазір университетте оқып жатыр. Сабақ қиындығынан жобаға уақыттары болмады. Бірақ бəрі грантқа түсті. Бірі Қытайда, екеуі
СДУ университетінің IT саласында оқып жатыр. /fl ash командасы SOS-button қосымшасын MakerFair жəрмеңкесінде бəріне таныстырды. Қазір қосымшаны дамыту үстінде. GoWaCo командасы жеңген қаржының жартысын Қазақстандағы Technovation
challenge жобасына аударды.
Өскемен қаласының №10 мектеп-гимназиясының оқушылары Code Up командасын құрыпты. Олар Астанада өткен аймақтық кезеңде бірінші орын алды. Команда қатысушылары өртті хабарлайтын қосымша ойлап тапқан:
– Соңғы жиырма жылда Қазақстанда 300 мыңнан аса өрт болып, 11 мың адам қайтыс болған. Бюджетке 90 миллиард теңге шығын келген. Əдетте өрт үйде адам жоқ кезде болады. Бұл жағдайда дəл уақытында өртті сөндіруге əрекет жасап, оның себебін білу керек. Біздің Fire Shield қосымшасы өртті дер кезінде хабарлайды. Fire Shield – смарт-хабарлау жүйесі бар қосымша. Ол құрылғы мен мобильді қосымшадан тұрады. Құрылғының сенсорлары бұзылуды анықтаған кезде ұялы телефонға хабарландыру келеді, ал телефон қосымшада бекітілген адамға SMS-хабарлама жібереді. Оған жауап қайтарылмаған жағдайда өрт сөндірушілерге қоңырау түседі. Біршама əлеуметтік проблеманы сараптай келе маңыздыларының бірі ретінде өрт қауіпсіздігін алдық. Командамызда 11-сынып оқушысы Анастасия Рябкова, 10-сыныпта оқитын Малика Маханова, 9-сынып оқушылары Валерия Грабельникова мен Алина Терешкина бар. Жетекшіміз Татьяна Барабанова мектепте информатика пəнінен сабақ береді. Жұмысымыз жартылай финалға өтті. Одан финалға жетіп, Америкада қорғаймыз деп сенеміз. Елге келген соң қосымшаны қолданысқа енгізгіміз келеді.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
«Ұлан» газеті, №22
29 мамыр 2018 жыл